Курсанттардың "Бас шайқасы"
Қазақстандық «Геотактика» симулятор платформасында алғаш рет әскери-тактикалық жарыстар өтті
Қазақстандық «Геотактика» симулятор платформасында алғаш рет азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедра студенттері, Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары мен колледждерінің курсанттары арасында әскери-тактикалық жарыстар өтті.
Astana IT University базасында құрылған 23 команданың іс-қимылын бақылау және қадағалау жөніндегі жедел штабқа Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева келді.
Қорғаныс ведомствосының өкілі мамандарды оқытуда жаңа технологиялардың маңыздылығын атап өтті. Ол жарыс қатысушыларына алға қойылған міндеттерге жету үшін сәтті командалық жұмысты тіледі.
– «Геотактика» симуляторы әскери істің негіздерін, ұрыс тактикасын меңгеруге, әртүрлі қару түрлерін, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттарын басқаруға үйретеді. Бұл аудиторияда, компьютер арқылы, виртуалды шолу көзілдіріктерінің көмегімен жүзеге асады. Сонымен қатар, компьютерлік бағдарлама «Геотактиканы» пайдалана отырып, әскери-тактикалық жарыстар посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл – отандық бағдарламашылардың әзірлемесі, – деп атап өтті А. Төлембаева.
Виртуалды полигонда өткен қашықтықтан жарыстар екі кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде қатысушылар әскери топография және атыс даярлығы бойынша жаттығулар орындады.
Финалға шыққан сегіз команда playoff форматында турнирді жалғастырды. Қатысушылар ұрыс тактикасында өз шеберліктерін көрсетіп, қорғаныс, шабуыл және елді мекенді тазарту бойынша сценарийлерді орындады.
Өз әсерлерімен Astana IT University-дің киберқауіпсіздік циклі бойынша әскери кафедра студенті, 3-курс білім алушысы Алмас Мақзұмов бөлісті.

– Біз ақпараттық қауіпсіздіктің негіздерін, ақпаратты қорғау әдістері мен тәсілдерін, шифрлау әдістемесін және басқа да көптеген тақырыптарды оқимыз. «Геотактика» бағдарламалық жасақтамасы теориялық білімімізді практикада қолдануға мүмкіндік береді. Тапсырмалар әртүрлі деңгейдегі қиындықта болды, олар бізді шынайы ұрыс жағдайына енуге көмектесті. Ойын оқу материалында берілген ақпаратты тез меңгеруге мүмкіндік береді, – деді жарысқа қатысушы.
«Финист» компаниясының басшысы Денис Зиновьев «Геотактика» үшөлшемді симуляторының мақсаты мен мүмкіндіктерін түсіндірді. Бұл жоба 2023 жылы Defence Tech Battle қорғаныс саласындағы стартаптар байқауында үздік инновациялық технология деп танылған.
– «Геотактика» симуляторы әскери білім беру процесінің кезең-кезеңімен цифрландырылуына бағытталған. Ол әскери кафедра студенттеріне тәжірибеге негізделген дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Бүгінгі таңда бағдарлама топография, атыс дайындығы және тактика бойынша сабақтар өткізуге, сондай-ақ джойстиктер мен виртуалды шындық көзілдіріктерін пайдалана отырып, пилотсыз ұшу аппараттарын басқаруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Д. Зиновьев.
Айта кетейік, аталған әзірлеме қазіргі уақытта Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Торайғыров университетінің, Satbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Astana IT University және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедраларында табысты қолданылуда.
Әскери-тактикалық жарыстың қорытындысы бойынша үздік командалар анықталды. Оларға қалалық құрылыс жағдайында ұрыс жүргізу тапсырмасы берілді.
