Мазмұнға өту
РУС

Республикалық Qaisar ойындарында қазақстандық «Геотактика» симуляторы қолданылды

05.05.2025 • 2 мин оқу

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жыл сайынғы «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті. Жарыс бағдарламасына алғаш рет қазақстандық «Геотактика» цифрлық симуляторы енгізілді.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановқа «Геотактика» симуляторының мүмкіндіктері және оны жалпы білім беретін мектептердегі алғашқы әскери дайындық (АӘД) сабақтарында оқу процесінде қолдану жолдары көрсетілді.

Ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығы басшылығының өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері және жұртшылық өкілдері қатысты.

 

Іс-шараға 300-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 жоғары сынып оқушысы, әскери-патриоттық ұйымдардың тәрбиеленушілері, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен әскери кафедралардың оқытушылары болды.

 

Екі күн бойы мектеп оқушылары түрлі сайыстарда бақ сынап, кедергілер жолағынан өтті, эстафеталар мен әскери-тарихи викторинаға қатысты.

Жарыстың ерекшелігі заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуы болды. «Геотактика» платформасында қатысушылар виртуалды оқу ортасында тапсырмалар орындап, командада бірлесе әрекет ету және шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.

 

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысып, жобаның жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңызын атап өтті.

 

Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының командасы бірінші, Түркістан облысының командасы екінші, ал Шымкент қаласының командасы үшінші орынға ие болды.

 

Сонымен қатар, Шымкент қаласының командасы қазақстандық «Геотактика» симуляторын әзірлеген «Финист» компаниясының арнайы жүлдесіне ие болды.

 

«Геотактиканың» республикалық Qaisar ойындарына қатысуы отандық цифрлық әзірлемелерді білім беру процесінде және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде іс жүзінде қолданудың тағы бір үлгісі болды.